АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Тегеранды Иранның ядролық нысандарына АҚШ жасаған шабуылға қарымта қайтармауға шақырды. Ондай шабуыл "олар жасауы мүмкін ең үлкен қателік болар еді" деді Рубио. Бұған қоса ол Иран Ормуз бұғазын жабуға тырыспауы керек екенін айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Иранның ірі ядролық нысандарын бомбаладыПарсы және Оман шығанақтарын жалғап тұрған Ормуз бұғазы арқылы күн сайын әлемде тұтынылатын мұнайдың шамамен 20 пайызы тасымалданады. Жексенбі күні Fox News телеарнасының таңғы бағдарламасына берген сұхбатында Рубио бұғазды жабуға тырысқан кез келген әрекетке АҚШ қана емес, басқа елдер де жауап береді деп мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Тегеранды бұғазды жабуға әрекет жасамауға көндіру жөнінде Пекинге қолқа салғанын айтты.
АҚШ Иранға қарсы әскери операция жүргізуді жоспарлап отырған жоқ және Тегеранмен келіссөздерді жалғастырудың мүмкіндігі бар екенін көріп отыр деді Рубио. Ол АҚШ Иранның ядролық нысандарына жасаған шабуылдардың мақсаты орындалды деп есептейді. "Оларда ядролық қару жасауға қажеттінің бәрі бар еді. Енді – жоқ", – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Бұған дейін NBC News телеарнасы Вашингтон Тегеран АҚШ-тың әуе шабуылына алдағы екі күнде қарымта қайтаруы мүмкін деп қауіптеніп отырғанын хабарлаған еді. Азаттықтың Парсы қызметінің ирандық БАҚ ақпаратына сүйеніп хабарлауынша, Иранның бір палаталы парламенті – Межлис үкіметтен Ормуз бұғазын жабуды талап еткен.