"Оқ атпау келісімі күшіне енді"
Израиль мен Иран арасында атысты тоқтату режимі күшіне енді. Бұл туралы 24 маусым күні таңертең АҚШ президенті Дональд Трамп хабарлады. "Оны бұзбаңыздар", - деп жазды Трамп.
Содан біршама уақыт бұрын Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль атысты тоқтатуға келіседі деп мәлімдеген. Ол басқаратын үкіметтің мәлімдемесінде Израиль 13 маусымда Иранға қарсы бастаған операцияда Тегеран тарапынан төнген ядролық және зымыран қаупін жойып, барлық мақсатына жеткені айтылған.
"Израиль [АҚШ] президентінің атысты екіжақты тоқтату туралы ұсынысына келіседі. Израиль атысты тоқтату [режимін] бұзған кез-келген әрекетке батыл қимыл танытатын болады", - делінген мәлімдемеде.
Нетаньяху АҚШ-қа және президент Трамптың жеке өзіне "Израильдің қорғанысына қолдау білдіргені және Иран тарапынан төнген ядролық қауіпті жоюға қатысқаны үшін" алғысын жеткізген.
Бұған қоса мәлімдемеде "Израиль мемлекеті тарихи ұлы жетістіктерге жетіп, әлемдік державалар қатарына қосылғаны" айтылған.
Сейсенбі күні таңертең Израиль 13 маусымнан бері жабық тұрған әуе кеңістігі ашылғанын хабарлады.
Израиль мен Иранның өзара атысты доғару келісімі күшіне енгеннен кейін, осыған дейін өзі паналаған жер астындағы теміржол станциясынан жүгін көтеріп шығып келе жатқан адам. Рамат-Ган, Израиль, 24 маусым, 2025 жыл.
Израильге дейін Иран билігі де атысты тоқтатуға келісетінін мәлімдеген. Сейсенбі күні таңертең Иранның мемлекеттік телеарнасы Израильмен арадағы қарулы қақтығыста атысты тоқтату режимі басталғаны жайлы ақпарат таратты.
Ал Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Х әлеуметтік желісіндегі парақшасына: "Дәл қазір атысты доғару немесе әскери іс-қимылды тоқтат тұру туралы ЕШҚАНДАЙ "келісім" болған жоқ. Алайда, егер израильдік режим Иран халқына қарсы заңсыз басқыншылығын Тегеран уақытымен таңғы төрттен кешіктірмей доғаратын болса, біздің одан кейін қарымта әрекеттерді жалғастыру ниетіміз жоқ", - деп жазды.
Сейсенбі күні таңертең Астана уақыты бойынша шамамен 8:30 кезінде Израильдің солтүстігінде әуе дабылы жарияланып, Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) әуеге зымырандар ұшырылғанын, оларды, болжам бойынша, Иран ұшырған болуы мүмкін деп мәлімдеді. Бірқатар хабарламаларға қарағанда, бір немесе екі зымыран ұшырылған. Израильдік БАҚ ол зымыран немесе зымырандар атып түсірілген деп хабарлады.
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Иранды атысты тоқтату режимін бұзды деп айыптап, Израиль "Тегеранның қақ жүрегіндегі иран режимінің нысандарына қарқынды шабуылдар жасап" қарымта қайтарады деп мәлімдеген. Кацтың сөзін израильдік ақпарат құралдары жазды.
Сейсенбідегі шабуылдар
Содан бірнеше сағат бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран арасында "атысты толық тоқтату" жөнінде келісім жасалды деп хабарлаған еді. Президент Трамп бұл келісім екі тарап та бұрын басталған әскери операцияларын аяқтағаннан кейін алдағы бірнеше сағат ішінде күшіне енеді деген.
Алайда 24 маусым күні таңертең Израиль Иранның зымыран шабуылы салдарынан төрт адам қаза тауып, бірнеше адам жараланғанын хабарлады.
Израильдің Ұлттық медицина қызметінің (Magen David Adom) мәліметінше, Беэр-Шева қаласында зымыран түскен жеті қабатты ғимарат қираған.
Иранның әуе шабуылынан қираған көпқабатты тұрғын үйдің орнында жүрген құтқарушылар. Беэр-Шеве, Израиль, 24 маусым, 2025 жыл.
Израильдің Тель-Авив, Иерусалим, Хайфа және басқа да қалаларында дабыл белгісінің дауысы естілген.
The Times of Israel басылымы сейсенбінің таңында Иран Израильге барлығы сегіз зымыран атқан деп жазды.
Сейсенбі күні таңғы мезгілде Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) өкілі атысты тоқтату туралы ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартқан еді, ал Израиль Иран аумағындағы нысандарға әуе шабуылдарын жалғастырып жатқан болатын.
New York Times басылымының хабарлауынша, атысты тоқтату жөніндегі келісімге келуге Қатар араағайын болған. Қатар Иранға АҚШ-тың бітімге келу жөніндегі ұсынысын жеткізген.
Содан бір күн бұрын Израиль өкілдері Иранға қарсы әскери іс-қимылдарын жақын арада аяқтауы мүмкін екенін меңзеген еді. Жексенбі күні премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль әскери операцияның мақсатына жетуге "өте-өте жақын" қалғанын мәлімдеген.
Израиль мен Иран арасындағы жанжалға өткен аптаның аяғына қарай АҚШ араласып, Иранның ядролық нысандарын бомбалаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Иранның ірі ядролық нысандарын бомбалады