Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи 23 маусымда Түрікменстанға ресми сапармен барып, екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесулер өткізді.
Түрікменстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Ашғабаттағы кездесуде Таяу Шығыстағы жағдай талқыланған. Иран мен Түрікменстанның сыртқы істер министрлері екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ аймақтық және халықаралық маңызы бар мәселелер бойынша келіссөздер жүргізді.
Баспасөз хабарламасында Аракчи Түрікменстан президентіне иран халқын бауырлас тұрғыдан қолдағаны және гуманитарлық міндеттерді атқарғаны үшін алғыс білдіргені айтылған.
Кездесу барысында Түрікменстан халықаралық қақтығыстарды күшпен шешуге қарсы екенін және оларды тек БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға ортақ қағидаттарына сәйкес бейбіт жолмен реттеуді қолдайтынын атап өтті.
Бұған қоса Ашғабат Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу және аймақта бейбітшілік орнату мақсатында барлық мүдделі тараптармен келіссөздер жүргізуге дайын екенін білдірген.
Бұған дейін Түрікменстанның сыртқы істер министрі Рашид Мередов Таяу Шығыстағы жағдайды талқылау үшін АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландаумен телефонмен сөйлескен.
13 маусымда Израиль Иранға әуе шабуылын жасағаннан кейін Түрікменстан көршілес Иранмен шекаралас аудандарында қауіпсіздік шараларын күшейтті. Азат Еуропа/Азаттық радиосының Түрікмен қызметіне сенімді дереккөздер түркімен билігі әскери дайындықты арттырып, гуманитарлық көмек көрсете бастағанын хабарлаған еді.
Түрікменстан мен Иран арасындағы шекараның ұзындығы – 1100 шақырым.