Венгрия мен Словакия Ресейге қарсы санкция салуға қарсы шықты

Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийярто

Брюссельде өткен Еуроодақ сыртқы істер министрлері кеңесінде Венгрия мен Словакия Ресейге қарсы 18-санкциялар пакетін қабылдауға қарсы болды. Бұл туралы Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто хабарлады. Оның айтуынша, аталған екі ел Еурокомиссияның Ресейдің энергетика ресурстарынан кезең-кезеңімен бас тарту жоспарына жауап ретінде осындай қадамға барған.

"Бүгін біз Словакиямен бірге 18-санкциялар пакетін қабылдауға жол бермедік, – деді Сийярто журналистерге. – ЕО мемлекеттеріне, соның ішінде Венгрия мен Словакияға да, ресейлік табиғи газ бен ресейлік арзан шикі мұнайды сатып алуға тыйым салынатын болғандықтан біз осылай жасадық".

Брюссельде бұған қоса Еуроодақ елдерінің тұрақты өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан жиында жаңа санкциялар пакеті талқыға түсті. Еурокомиссия 18-пакетке "Солтүстік ағыс - 1" және "Солтүстік ағыс - 2" ресейлік газ құбырларына қарсы шектеулер енгізуді, сондай-ақ Ресей мұнайына белгіленген баға шегін 60 доллардан 45 долларға дейін төмендетуді ұсынып отыр. Бұдан бөлек, Ресейдің "тасадағы танкер флоты" деп аталатын 80 шақты кеме де санкция тізіміне енгізілуі мүмкін.

Бұған дейінгі 17-санкциялар пакеті 20 мамырда мақұлданған еді. Ол тізімге шамамен 200 кеме, 75 жеке және заңды тұлға енгізілген. Олардың арасында ресейлік "Сургутнефтегаз", "Стан" станок құрастыратын холдинг ("Ростех" құрамындағы), ВСК сақтандыру компаниясы, Бас радиожиілік орталығы және КАМАЗ концерні басшысы Сергей Когогин бар.